Бабалар бағы жанған күн

Ақтөбеде екі күн бойы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған кең ауқымды келісті мерекелік іс-шаралар өтті. Ақтөбе аспанында елдігіміздің көгершін қанат ақниетіндей ұлттық асқақ әуендер қалықтап, тұғырлы тәуелсіздігіміздің тұрақтылығын бейнелейтін бедерлі шаралар жүзеге асырылды. Астанадан, Алматыдан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Атырау, Маңғыстау облыстарынан, Ресей Федерациясының көршілес өңірлерінен қонақтар келді. Олардың арасында белгілі мемлекет қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қажығали Мұхамбетқалиев, белгілі ақын Ақұштап Бақтыгереева, жазушы Мәди Айымбетов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Елеусін Сағындықов, Әбілқайыр ханның ұрпақтары және басқалары болды. Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара қалалықтар мен қонақтардың Әбілқайыр хан ескерткішіне гүл шоқтарын қоюымен бас­талды. Бұл шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған облыстық және қалалық басқармалар мен мекемелер басшылары, қонақтар қатысты.

Мерекелік шараға жиналған жұртшылық Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Қоныс» спорт сарайының алдындағы «Ұлы Дала нақыштары» халықаралық көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылуына қатысты. Салтанатты сәтте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова мерекелік шараға қатысушыларды Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтап, мұндай мерекенің тарихымызды түгендеуге алғышарт жасайтынын, өскелең ұрпағымызды елінің өткенінен хабардар етуге, сол арқылы олардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыруға ықпал ететінін атап өтті. Ақын Ақұштап Бақтыгереева мемлекеттігіміздің қалыптасуы тым тереңде жатқанын жадыларда жаңғыртып, Ұлы Дала ұландарының болашағы зор екеніне тоқталды. Тарихы , әдебиеті, мәдениеті сонау ықылым замандардан тамыр тартатын Ұлы Дала елі екенімізді жұртшылыққа паш етті.

«Қоныс» спорт сарайы алаңында тігілген 12 киіз үйдің айналасына ақтөбелік мүсіншілердің Әбілқайыр хан, Қобыланды батыр мен Құртқаның, Тайбурылдың және темірден дәнекерлеу тәсілімен жасалған «Қош келдіңіздер!», «Садақшы», «Тотем», «Шаман» атты мүсіндік композициялар қойылды.

Қазақ хандығының 550 жылдығын мереке­леудің алғашқы күніндегі басты оқиға – облыс орталығындағы Әбілқайыр хан даңғылы мен Тілеу батыр көшесі қиылысқан алаңдағы жоң­ғар басқыншыларына қарсы алапат соғыстың қаһарманы Тілеу Айтұлының ескерткішінің ашылуы болды.

Тілеу Айтұлы 1630 жылы Шалқар ауданында туып, 1684 жылы қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданына қарасты өңірде ерлікпен қаза тапқан. Аты аңызға айналған тұлға оңтүстіктегі Сайрам, Түркістан аймақтарын басып алу үшін жоңғарлар жасаған қанды қырғын соғысқа еліміздің батысындағы Кіші жүзден он жеті мың әскерді бастап барған. Басқыншылардан Сайрам қаласын азат ету жолындағы шешуші ұрыста қаһарман баба мен баласы Жолдыаяқ қазаға ұшыраған. Әз Тәуке ханның жарлығымен екеуінің сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген.

Ескерткішті сомдаған Шымкент қаласында тұра­тын белгілі мүсінші Әбдікәрім Ахметов. Тұғыры гранит тастан қаланып, қаһарманның ат үс­тінде найза ұстап тұрған тұлғасы қоладан құйылды. Сәулет өнерінің мәңгілік туындысының құрылысын «Абзиком» ЖШС қысқа мерзімде сапалы атқарып шықты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, астаналық және алматылық қонақтар Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Айтбайұлы, Дулат Исабеков, Өмірзақ Озғанбаев, Әбсаттар Дербісәлі, Дархан Мыңбай, Құлбек Ергөбек, Парламент Сенаты мен Мәжі­лісінің депутаттары Елеусін Сағындықов, Ізбақ Өмірзақов, Құралай Қарекен көпшілікпен бірге қуанышты сәтті бөлісті.

– Менің қызмет орныма Кемейдолла Төлеубаев ағамыз келіп, он бес ардагер қол қойған хатты берді. Оқып таныстым. Сөйтсем, Тілеу батыр әйгілі Мөңке бидің әкесі екен. Нәтижесінде «Есімі ұрпаққа ұран болған» деген тақырыппен бір беттік танымдық мақалам «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды, – деді Мырзатай Жолдасбеков өз сөзінде. Алаштың абыз азаматы елдігіміздің ертеңін айқындайтын шаралардың кейінгі толқын ұрпақ үшін өнеге екенін атап өтті.

Салтанатта Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев құттықтау сөз сөйледі. Белгілі айтыс ақыны Әселхан Қалыбекова өрнекті жырдан шашу шашып, жан дүниені қозғайтын өлеңімен көңілдерге дем берді. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Құдайберген Оңғаров бастап келген делегация атынан Тілеу батыр бейнесі тоқылған кілемді сыйға тартты, Шымкент қаласының көрікті орындарының бірінде әкелі-балалы Тілеу-Жолдыаяқ батырларға еңселі ескерткіш тұрғызылғанын, оның таяу күндерде ашылатынын жеткізіп, дүйім жұртты дүр сілкіндірді.

Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік өңірлік университетінің Студенттер сарайында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен, облыс әкімдігі, облыстық тілдерді дамыту басқар­масының ұйымдастыруымен «Бабадан қалған байтағым» деген тақырыпта аймақтық ақындар айтысы өтті. Айтыстың мақсаты – мәде­ниетіміздің баға жетпес асыл мұрасын халыққа жан-жақты насихаттау, шешендік өнер мен көркемделген өлең-жыр, поэзия арқылы дәріп­теліп, мемлекеттік тілдің арнасын кеңейтіп, дамыту әрі насихаттау, тума таланттардың және сөз додасына бет бұрған жастардың көпшілікке танылуына мүмкіндік жасау еді. Ақындар айтысын облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі ашып, сөз өнерінің өрелі болуына ізгі тілегін білдірді.

Айтысты белгілі ақын Жүрсін Ерман жүргізіп отырды. КСРО халық әртісі Асанәлі Әшімов, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтов, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы, облыстық «Ақтөбе» газеті бас редакторының орынбасары Ертай Ашықбаев айтысқа қатысқан он сегіз ақынның өнерін саралады. Айтыста сөз өнерінің қадірін арттырған астаналық Әсем Ереже Гран-при жүлдесін иеленсе, бірінші орынға ақтөбелік Жәнібек Бейбітов ие болды, екінші орын белгілі айтыскер ақын қызымыз Айнұр Тұрсынбаевға бұйырды, ал үшінші орынды ақтөбелік Ершат Қойболдин еншіледі.

Қазақ хандығының 550 жылдығы мерейтойы аясында «Қазақ мемлекеттілігінің дамуы: дәуір, оқиғалар, тұлғалар» атты халықаралық ғылыми конференция өтті. Облыстық тарихи-өлкетану музейі ұйымдастыруымен өткізілген шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуанышбек Уәлиев, Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, еліміздің, шет мемлекеттердің тарихшылары, зерт­теуші ғалымдары, қоғамдық бірлестіктер өкіл­дері қатысты.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев қатысушы­ларды Ұлы Даланың дүбірлі тойымен құттықтап, конференцияның мақсатына тоқталды, маңызын ашып берді.

– Біздің мақсат – қазақтың тарихын, қазақ мемлекеттілігінің қай кезде құрыла бастағанын, қазақта қандай хандардың, билер мен қолбас­шылардың болғанын зерделеу, өз тарихымызды түгендеуге тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіз­генімізді айту. Ел тәуелсіздік алғаннан бергі 24 жыл бойы қазақ тарихын зерттеп жүрген ғалымдар, мамандар іргелі жұмыс істеді. Соның барлығы болашақ үшін, ұрпақ үшін жасалып жатыр. Жақында Астана қаласында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған үлкен той өтті, осы той аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы, болашағы жөнінде баяндама жасады. Іс-шаралар тек Астана, Алматы секілді қалаларда ғана емес, ел аймақтарында да өткізіліп келеді. Ақтөбеде өткізіліп жатқан той сондай іргелі шаралардың әдемі жалғасы, – деді өңір басшысы.

Конференцияда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, мемлекет қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков сөз алып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалаудың мерейлі белестер жылы» деп бағалаған Қазақстан халқы Ассамблеясының және Қазақстан Конститутциясының 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы секілді шаралар туралы сөз қозғады.

– Егемендік алғаннан бері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйытқы болуымен қазақтың шашылып қалған тарихын жинақтай бастадық. Осы кезге дейін қазақ халқын мемлекеті, елі болмаған деген де әңгімелер айтылып келді. Ал шынтуайтына келгенде қазақ осы Ұлы Далада туып-өсіп, өркендеп, талай ұлыс, талай қағанат орнатқан байырғы халық. Ұлы Далада керегесін кең жайған сақ, ғұн мемлекеттері, түрік қағанаты секілді іргелі ұлыстардың атауы әртүрлі болғанымен, тегі бір, негізінен Қазақ елі еді. Ғұндардың көсемі деп есептейтін Мөде хан да, Еуропаны дүрліктірген Еділ патша да, әлемді аузына қаратқан Түрік қағанатын орнатқан Бумын қаған, сол заманның айбынды батыры Күлтегін де, Мысырды билеген Бейбарыс та осы Ұлы Даланың перзенттері болатын. Шығыс Еуропаны жайлаған Батыс Түрік қағанатының билеушілері де осы біздің халқымыздан болатын, Шыңғыс ханды ақ киізге көтеріп, хан сайлаған да қазақтың билері еді. Тарихта әрқалай аталғаны болмаса, әр дәуірде дәурен сүргені болмаса, Үйсін, Қаңлы, Оғыз, Керей, Найман, Түркеш, Қарлұқ, Қарахан, Қимақ, Дешті Қыпшақ, Моғолстан, Алтын Орта, Көкорда, Ақорда – бәрі де негізінен қазақ рулары ұйытқы болған мемлекеттер еді. Біз іргесі қаланғанына 550 жыл толғанын тойлап жатқан Қазақ хандығы қазақ мемлекеттігінің бастауы емес, жоғарыда аттары аталған мемлекеттердің заңды жалғасы, – деп түйіндеді өз ойын Мырзатай Жолдасбеков.

Шара барысында қазақ тарихы жөнінде іргелі зерттеулер жүргізген еліміздің және шетелдің ғалымдары, сондай-ақ Әбілқайыр ханның жерленген жерін анықтау, зерттеу жұмыстарына қатысқан тарихшылар, генетиктер, топырақтанушылар, басқа да қатысушылар сөз алды. Алмағайып кезеңде ұлттың бірлігін сақтауға үлкен үлес қосқан қолбасшы, өз заманының белгілі саяси қайраткері Әбіл­қайыр ханның тарихтағы орны туралы айтылды.

Конференция барысында сөз алған философия ғылымдарының докторы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры Амангелді Айталы сол замандардағы Ресей империясының Азия халықтарымен жан-жақты қарым-қатынасы, олардың Ресеймен қо­сылуы, соның ішінде Қазақстанның Ресеймен қарым-қатынасы, Әбілқайыр ханның заманы мен қызметі, жалпы еуразияшылдық идея туралы әңгіме өрбітті.

Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеудің екінші күнінде даласын, асыл жұртын қорғап, ақырғы деміне дейін ат үстінен түспеген ұлы бабамыз – Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен ашылды. Мемориалдық кешен Әйтеке би ауданындағы Толыбай елді мекенінен 90 шақырым қашықтықтағы «Хан моласы» қорымында орна­ласқан. Бұл еліміздің екі облысының шекарасы тоқайласатын тұс.

Мемориалдық кешеннің ашылу салтанатына Парламент депутаттары, облыстардан келген делегация өкілдері, Әбілқайыр ханның тікелей ұрпақтары, қалың көпшілік қатысты. Салтанатты жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты.

– Өткенсіз болашақ болмайды. Әр елдің өз тарихы болады. Қазақтың да тамыры сонау терең­де жатқан өз тарихы бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «2015 жыл – ұлттық тари­хы­мызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз», деген болатын. Елбасы тапсырмасына сәйкес, елімізде, соның ішінде біздің өңірімізде де көптеген іс-шаралар өтіп жатыр. Ақтөбе жерінде Қазақ хандығының 550 жылдығын тойлауға арналған шаралар кеше облыс орталығында өтсе, бүгін Әйтеке би ауданында жалғасып отыр. Біз осынау байтақ даламызды сақтап қалған, Ұлы Даланың азаттығы жолында қаны мен терін төккен ата-бабаларымызды ұмытпауымыз керек, тарихты көбірек зерттеп, өсіп келе жатқан ұрпаққа олардың үлгі-өнегесін жеткізуіміз керек. Халқымыздың тарихында даңқты хандарымыз аз емес. Солардың бірі және бірегейі – Әбілқайыр хан. Әбілқайыр ханның рухына тағзым етіп, басымызды ие тұ­рып, осы жерде жүргізілген жұмыстардың бәрі ұрпақтар жадына ұлттық рухты, Отанға деген сүйіспеншілікті сіңіру үшін істелгенін атап өтеміз, – дей келіп, облыс басшысы осы істердің басы-қасында болған азаматтарға алғысын жеткізді.

Бұдан соң Қостанай облысының әкімі Архи­мед Мұхамбетов пен Парламент Сенатының де­пута­ты Елеусін Сағындықов сөз алды. Өз сөз­де­рінде олар жұртының арқасүйері болған Әбілқайыр бабамыздың аяулы ғұмырының даңқты парақ­тарына, оның ұлы қолбасшы, көреген саясаткер ретінде халқына сіңірген еңбегіне кеңінен тоқталды.

– Халқымыз үшін аса ауыр кезеңде саясат сахнасына шыққан Әбілқайыр ханның тарихымыздағы орны ерекше. Атақты Аңырақай шайқасында қол жеткізген жеңіс күллі қазақтың рухын көтеріп, айбарын асырды. Ол тек даңқты қолбасшы ғана емес, сұңғыла саясаткер ретінде де халқының қамын ойлап, ұлы істерге ұйытқы болды, – деді Архи­мед Мұхамбетов.

– Он жылдан астам уақыт бұрын Әбілқайыр бейі­тін анықтау мақсатындағы зерттеу жұмыс­тарын жандандыруды қолға алған едік. Бұл іске Ақтөбе өңірінің қарапайым адамдарынан бастап, қазақтың үлкен ғалымдары, алыс-жақын шетелдер зерттеушілер атсалысты. Бір кісідей жұмылып атқарған сол жұмыстардың нәтижесінде мынадай ғажап кешеннің бой көтеруі – үлкен қуаныш. Бұл іс халықтың сүйіспеншілігі арқасында жүзеге асты. Әбілқайыр феномені қазаққа мәңгі қызмет ететін болады, – деп атап өтті Елеусін Сағындықов.

Жиында, сондай-ақ, Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев, белгілі жазушы Қажығали Мұханбетқалиев, Ұлттық музей директоры Дархан Мыңбай, Әбіл­қайыр хан мемориалдық кешенінің авторы, сәу­летші Бек Ыбыраев сөз сөйлеп, жұртшылықты Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Мемориалдық кешеннің лентасы салтанатты түрде қиылғаннан кейін, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ Әбілқайыр хан кесенесінде ұлы баба рухына Құран бағыштады.

Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешен тұрғызу мақсатында республикалық дең­гейде конкурс жарияланған болатын. Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия келіп түскен жобалар арасынан белгілі сәулетші Бек Ыбыраевтың ұсынған нұсқасын мақұлдады. Кешен Әбілқайыр хан кесенесі мен үш бөлікті алып ескерткіштен тұрады. Ескерткіштің биіктігі – 23 метр. Әр бөліктің астыңғы жағында «Әбілқайыр хан» деген жазу бар және Ұлы Даланы жайлаған барлық қазақ руларының таңбалары салынған. Кесененің биіктігі 15 метрге жуық. Диаметрі – 8,5 метр. «Құрылыс Консалтинг ұлттық орталығы» АҚ мамандарының айтуынша, кесене құрылысын бас­тар алдындағы сараптамалық жұмыстар кезінде, тереңдіктен көне кесененің қалдығы табылған. Оны сақтап қалу үшін, кесене диаметрі ұлғайтылып, сегіз қырлы етіп салыныпты. Құрылыс жұмыстарына Маңғыстаудан әкелінген ұлутас пайдаланылған.

Әбілқайыр ханға арналған мемориалдық кешеннің ашылуынан кейін, осы оқиғаға орайлас­тырылған шаралар Толыбай ауылында жалғасты. Осында Әбілқайыр хан музейі ашылды. Музейге XVIII-ХІХ ғасырлардан қалған құнды жәдігерлер, Әбілқайыр хан ұрпақтары тұтынған бұйымдар, олардың арасында, белгілі заңгер Бақытжан Қаратаевтың ұстаған бұйымдары, т.б. қойылған. Ең көрнекті экспонаттардың бірі – Әбілқайыр ханның жеке мөрі. Суреті арқылы жасап шығарылған көшірме түрінде болса да бұл бүгінгі ұрпақ үшін қымбат дүние екені сөзсіз. Әбілқайыр ханның үлкен портретін Жеңіс Жұбанқосов салыпты. Жәдігерлер жинақталған бөлменің бір қабырғасына Аңырақай шайқасынан көрініс берілген.

Толыбайдағы этноауылда отыз киіз үй тігіліп, жан-жақтан жиналған қонақтарға ас берілді. Қо­нақтардың бір бөлігі – «Ұлы Дала» жауһарлары халық­аралық фестиваліне қатысушылар. Фести­вальға 100-ден астам музыкант, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарынан төрт фольклорлық ансамбль қатысқан. Белгілі жыршы Алмас Алматов, қазанғаптанушы Абдулхамит Райымбергенов, Ресейдің Хакасия, Таулы Алтай өңірлерінен Карыш Кергилов, Елес Тадыкин сынды өнер шеберлері фестиваль қонақтары болды.

Той соңы тоқ бәйге, құнан жарыс, жорға жарыс және аламан бәйге мен ұлттық ойындарға ұласты.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы

Тілеу батыр ескерткішіне

08.10.2015

Бұрылды тарих қасқа жол салған хандарға,

Бұрылды тарих бодаусыз кеткен нарларға.

Қалың қол бастап қаһарман Тілеу шығыпты,

Сансыз мың қалмақ Сайрамды басып қалғанда.

 

Алты ата Әлім, он екі ата Байұлы,

Жетіру, Шөмен, Шөмекей, Шегір жайыны.

17 мың сарбаз қатерге тігіп бастарын,

Қансырап жатқан халыққа тиген қайыры.

 

17 мың сарбаз ойласам соның бәрі асыл,

Отанды сүйген бауырмал, ұлтқа жанашыр.

Мерейлі рух мейірін шоқтай маздатып,

Арыстар солай жалғаған елдің арасын.

 

Тамыры терең Ғұндардан сонау Сақтардан,

Жаратылысың мен ерлігің болған жатқа арман.

Ақырғы демі шыққанша ерлер айқасып,

Сансыз бап жатқан, Сайрамды жаудан ап қалған.

 

Бірімін мен де Түркістандағы түменнің,

Рухы сонда Жолдаяқ пенен Тілеудің.

Әл-Фарабиді берген Отырардан шығып, мұндағы,

Қол жайған асқа, ескерткіш тасқа тірелдім.

 

Бекер жүргем жоқ, бекерге жүрер жоқ халім,

Бекет бастаған баталы көшке тоқтадым.

Өргелі келдім, рухи жырдың оттарын,

Көргелі келдім Тілеудің қара соқпағын,

 

Баянды болғай басымыздағы азат күн,

Мөңкедей кім бар болжаған жайын қазақтың.

Ата тегінен әруақ қонған Шектінің,

Тектілігіне тәнті боп талай таң атсын.

 

Көз ашпай ғалам апаттан, өрттен, тасқыннан,

Тілеулі жұртқа тілеусіз дерттер асқынған.

Бесіксіз өскен ұрпақтарыңа Ей, батыр,

Сес болып тұрсын, ес болып тұрсын тас тұлғаң.

 

Ерлікті айтса теңіздей толқып тасимын.

Ездікті айтса байлаған судай жасимын.

Батыста жатқан, батырлығы батпан, бауырлар,

Екі дүние есігінен шығып, бас идім.

Әселхан ҚАЛЫБЕКОВА,

Қазақстанның халық

ақыны.

***